«Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі» МҚКК
№1 ата-аналар жиналысының хаттамасы
23.10.2018ж Ұзынағаш ауылы
Тақырыбы: Тәртіптің ең тамаша мектебі - отбасы
Мақсаты:
1. Ата - ананың өмірге деген көзқарасын өзгерту.
2. Ата - аналарды балаларға жауапкершілікпен қарауға шақыру.
3. Баланың бүгінгі істеген қадамы ертеңгі тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер ететінін атап өту.
Міндеті:
1. Балаларды адамгершілікке тәрбиелеудегі ата - ананың жауапкершілігі.
2. Колледжде ата - ананың оқу - тәрбие саласындағы рөлі.
3. Алдағы уақытта студенттерді тәрбиелеуде мұғалім мен ата - ананың бірігіп жұмыс жасауы.
Керекті құралдар: Үлестірмелі қима қағаз,
Әдіс - тәсілдер: Пікірлесу, сұрақ - жауап, «Қызықты сұрақтар», «Сіз қандай ата анасыз» тест
Жиналыс барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі:
Ата аналарды отырғызу
Парақшалар тарату
2. Кіріспе:
Күн тәртібі:
1.2018-2019 жаңа оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсат туралы – колледж директоры Алтаев Болат Бекбосынович
2.Ата-аналар комитетінің жаңа құрамын сайлау – Джумадилова А.
3. Колледждің ішкі тәртіп ережесімен таныстыру – Джумадилова А
4.Колледж психологы Сеитова Айжан Кадылбековна және медбике Кожахметова Гульмира атқарған жұмыстары туралы ақпарат беру.
Тыңдалды:
Колледж директоры Алтаев Болат Бекбосынович ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап колледж бен ата-ана арасындағы байланысқа тоқталып, күн тәртібімен таныстырып, жиналысты ашты.
І мәселе бой ынша А.Джумадилова: Ұлағатты ұстаздар, ардақты ата - аналар! Жел бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата - ана мен колледж. Болашақ десек те, келешек десе де бала - ұрпақ деген мағынаны білдіреді. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлау, адам етіп тәрбиелеу.
Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» - демеп пе еді. Осыған орай бүкіл ата - ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата - аналар іс - жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже берері ақиқат- дей келе өткен оқу жылындағы колледж жетістері туралы слайд көрсетілді.
ІІ мәселе бойынша ата-аналар құрамын сайлау туралы өтініш қабылданып, ата-аналар ақылдаса келе ата-аналар комиетінің төрайымы болып 1 курс 3 топ ата-анасы Хайдуллаева Ойжамал сайланды.
ІІІ мәселе бойынша баяндама «Отбасы- тәрбие бастауының қайнар көзі» - колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Джумадилова: Жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, колледжде, әлеуметтік ортада нәрленеді. Баланың бас ұстазы – ата – анасы. Тәрбие үрдісінің бір тарауы отбасымен жұмыс десек, отбасынан басталатын тәрбие колледж өмірінен жалғасын табады. Қазақтың отбасында өмірге келген әр бала ес біліп, етек жыйғанша, негізінен әке мен ананың тәрбиесінде болады. Бүгінгі мақсат - әрбір бала түбегейлі біліммен мәдениеттің негіздерін білу және олардың жан - жақты дамуына ата - ана, колледж жағдай жасауы керек. Сондықтан сіздерге балаларыңыздың колледжден барлық мүмкіндіктерді пайдаланып білім алу мен тәрбие жұмыстарына қатыстырып өзін - өзі басқаратын азамат болуына ат салысу қажет.
Жарыссөзге қатысушы ата-аналар сөз алды.
Бостаева Г.: -Бізде көптеген ата - аналар баланың кемшілігін колледждегі мұғалімдерден көреді. Отбасында мұғалімдер туралы жақсы пікір айтылса, алдымен ата - ананың колледж, ұстаз туралы жақсы ниеті балаға жақсы әсер етеді. Ондай балалардың оқуға, білімге, колледжге құштарлығы артады. Ұстазды, адамды сыйлауы өзгеше болады. Колледж , ұстаз туралы басқаша пікірде көңілі толмаған ойлардың жетегінде баласының алдында ғайбаттау сөздер сөйленетін болса, ол баланың колледж, мұғалімге көзқарасы өзгереді. Оқу - үлгеріміне әсер етеді. Немқұрайлы қарап, үлгерімі нашарлайды. Ата - ана өз баласының ынтасын үйдегі тәрбие арқылы өзі жойып отырғанын білмейді. Бала тәрбиесі отбасынан басталады.
Жетен А:- Колледжге келгеннен кейін ол мінез отбасында қалыптасқан тәрбие одан әрі жалғасады. Бір тәуліктің яғни 24 сағаттың 8 сағаты колледжде, қалғаны тәрбие ордасы, үнемі ата - ана болып қала береді. Баланың сабаққа саналы қарап озат студент болып өсуі, ол мұғалім мен ата - ананың бірігіп өсірген жеміс ағашы, немесе ұшқыр ұшақ жасаумен тең десем артық емес. Дұрыс өспеген жеміс ағашы, дұрыс жеміс бермесе қуануға бола ма? Бір бөлшегі бұрыс жасалған ұшақты ұшырғаннан не пайда? Ол өзінде, өзгені де мерт етпей ме? Сонымен әрбір ата - ана өз баласының тәрбиелі де, саналы, мәдениетті, жүрген ортасында сүйкімді болу үшін алдымен тәрбиені өзінен бастағаны жөн, яғни оғаш қылықтармен баласына үлгі - өнеге көрсетпеуге тырысқаны жөн. Жас кезінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата - ана кейін бармағын тістеп өкініп қалады. Қалай қисайтсаң солай өседі. Оның түзу жолмен жүріп білімді де саналы азамат болып өсуі біздің, яғни әрбір ата - ананың қолында.
5. Қорытынды бөлім:
Колледж директоры Б.Алтаев:- Құрметті ата - аналар ұлтымыздың қанындағы ізеттілік – дөрекілікке, қайырымдылық - қатыгездікке, жомарттық - тоғышарлыққа, адалдық - арамдыққа, парасаттылық - парықсыздыққа ауыспасын деген үлкен үміт тұр.
Өмірдің өтпелі қиын кезеңінде ұл - қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақты білім алуларына күш салайық. Балаға жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының басым рөлін мойындап, бірлесе, ынтымақтаса әрекет етуіміз қажет деп бүгінгі жиналысымызды аяқтағалы отырмыз.
Колледж директоры Б.Б.Алтаев
ДТЖО А.А.Джумадилова
Наурызбай батыр Құтпанбетұлы атындағы орта мектеп МДШО
№2 ата-аналар жиналысының хаттамасының көшірмесі
12.11.2014ж. Ұзынағаш ауылы
Тақырыбы: «Отбасы –тәрбиенің басты ұясы»
Мақсаты: Отбасы тәлім - тәрбиенің негізі екенін ұғындыру, ата - аналар ынтымақтастығын күшейту
Мектеп пен ата - ананың байланысын арттырып, балаға тәрбие беріп, өз ойларын айтуға үйрету, жауап беру қабілеттерін дамыту.
Көрнекіліктер: нақыл сөздер мен мақалдар жазылған плакаттар, алма ағашы
Күн тәртібінде:
1.І- тоқсанның қорытындысы- Даумбақова Г.
2.Адамгершілік- бала бойында қала қалыптасады?-бандама Базаркулова Г.
3.Тренингтер «Алма ағашы» «Гүл» , топқа бөліп тапсырмалар тарату.
Кіріспе: мектеп директоры Сулыбекова алтанат
Сәлеметсіздер ме!
Бүгінгі жиналысқа қатысып отырған ата-аналар және құрметті қонақтар. Бүгінгі «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы» атты жиналысымызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер. Алдарыңызға ұсынылып отырған алма ағашына назар аударайық.
Ия, осы алма ағашымыз мектеп болса, ондағы жас жеткіншек жемісі деп қарап, жемісі шырынды болу үшін, білімді, тәрбиелі, адамгершілігі мол азамат қалыптасуы керек. «Ырыс алды ынтымақ демекші», ынтымақ – істі бітірер, ата-анамен ұстаз арасындағы байланыс жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр. Сондықтан, бүгінгі ата - аналар жиналысының тақырыбы: «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы» деп аталды.
Қандайда азамат, қоғам мүшесі? Сол болашақ қоғамның қандай болуы, бүгінгі мектептегі тәрбиеден басталады. Осы бағытта мектебімізде жүйелі жүргізіліп келе жатқан өзін-өзі, бірін-бірі бағалау диагностикасы әр жыл аяғында жүргізіліп, сол бойынша жаңа оқу жылына жоспар құрамыз. Ол - әр түрлі критерийлерден тұрады. Солардың ішінен бүгінгі пікіралыс: тәрбие, денсаулық, оқу, ұқыптылық бағыттары талқыланады.Осы зерттеулерге сәйкес адам бойындағы адамгершілік асыл қасиеттеріне арнағым келеді.
Адамгершілік тәрбиесі – адамның моральдық қасиеттерін, мінез-құлқы мен тәртібін, адамгершілік сезімі мен санасы белгілі бір мақсатқа бағыттап қарастыру.
Адамгершілік тәрбиесінің мазмұнына, ең алдымен, Отанға, елге деген сүйіспеншілік, борыш сезімін тәрбиелеу, жолдастық, достық, жанашырлыққа баулу, үлкенді сыйлау, тыңдау, беделін мойындау, еңбек адамдарын құрметтеу, қамқорлық жасау, адалдыққа, шыншылдыққа, қарапайымдылыққа, мақсаттылыққа, табандылыққа, белсенділікке, батылдыққа, ұстамдылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу жатады. Осы тәрбиенің негізгі жолы – оқу процесі мен оқушылардың күнделікті өмірін, іс - әрекетін тиімді тәрбие шараларын ұйымдастыру.
Адамгершілік тәрбиесі имандылық тұрғысынан, адамның барлық әрекетіне, әдетіне және барлық мінез-құлқына дұрыс бағыт беріп, жөн сілтеп отыратын, Отанын, халқын сүюге үйрететін тәрбие. Оқушылардың адамгершілік тұралы түсінігі мол болғанымен, тәжірибеде іс - әрекеті, тәртібі біліміне сәйкес келмейтін жайлар кездеседі. Олар жақсы, жаман әдеттерді білгенімен, оны өз өміріне сәйкестендіре, тәртібінде іске асыра алмайды. Өйткені ережені есте сақтау оңай, да оны іске асыру қиын. Сондықтан адамгершілік жайында түсінік білім берумен қатар дұрыс тәртібін, іс - әрекетін ұйымдастыруды көздейді. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ата - ана, бала тәрбиелеуші ұлт рухындағы халық өкілі, ел намысын қорғаушы, ата - бабаларымыздың ісін жалғастырушы мәңгілік күш.
(Негізгі бөлім )
Отан – отбасынан басталады демекші, тәрбиенің бастауын ата - аналардан бастайық. Бүгін сіздер «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы» атты ата - аналар жиналысына жиналып отырсыздар. Мұнда 4 - бағыт бойынша жұмыс істейді.
1) тәрбие бағыты,
2) денсаулық бағыты,
3) оқу бағыты,
4) ұқыптылық бағыттары.
- (ата - аналарды топқа бөліп отырғызу, тапсырма беру, қолдарындағы қағаз бойынша топ жетекшілерін сайлау, тұрғызып таныстыру )
Бүгінгі біздің мақсатымыз: мына алма ағаштағы жеміс – баламыз деп, қарап суыққа үсітпей, құртқа жегізбей, шырынды да, тәтті алма қылып өсіруіміз керек.
Жиналыс төрайымы С.Б Сулыбекова
Хатшы Л.Ж Наметкулова