"Алматы облыстық білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі "Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі" MKҚK
0
Директор блогі

 

 

 

Ақындар мен батырлар жерінде орналасқан білім ордасы

 

      Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында орналасқан кәсіптік колледждің 82 жылдық тарихы бар білім ордасы. Колледждің жыр алыбы – жамбыл атаның есімімен аталуы педагог-инженер қауымы мен студенттер үшін үлкен мәртебе.

 

     Колледждің негізі Қастек мал шаруашылығы кеңшарының базасынан 1935 жылы 15 қазанда бөлініп шыққан. Ол елімізде құрылған алғашқы кәсіптік оқу орындарының бірі. Кәсіптік колледждің басты мақсаты – еліміздің өркендеуіне үлес қосатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

 

    Кәсіптік колледж құрылған күннен бастап тракторист, комбайнер, сауыншы, газ және электрмен дәнекерлеуші, машина жүргізуші, омарташы, фельдшер, бау-бақша, жеміс-жидек өсіру шеберлерін, есепші, токарь, электрик мамандарын дайындап келген.

 

      1980 жылы колледждің оқу-өндірістік базасында VI  Бүкілодақтық  «Ең озық мамандық» атты байқау өтіп, 15 республикадан жиналған оқушылардың арасынан коллдеж шәкірттері І орынды жеңіп алып, «Алтын медаль» иегерлері атанды.

 

     Еліміздегі өзі сияқты екі мың училищенің арасындағы Бүкілодақтық социалистік жарыста озып шығып, «Үздік селолық кәсіптік-техникалық училище» атағын жеңіп алып, КСРО-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің дипломымен, ҚазКСР мемлекеттік комитетінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

 

    Колледж 82 жыл ішінде  әртүрлі мамандық бойынша ауыз толтырып айтатын, мыңдаған мамандар дайындап, еліміздің ауылшаруашылығы өндірісінің көркеюіне өз үлесін қосуда.  Білім сапасын арттыруда және жеке тұлғаны тәрбиелеуде зор көрсеткіштері арқасында  1991 жылы сәуір айында  Президенттіміз Н.Ә.Назарбаев келіп, училищенің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

 

      Училищенің алғашқы түлектерінің бірі Сарсенбаев Ешанхан Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, омырауына Октябрь революциясы ордені тағылған. Елге танымал Сарсенбаевтың ізбасарларының есімі облыс және республика көлеміне белгілі. Олардың арасында майталман механизаторлар, Ленин және Октябрь ревалюциясы  орденінің иегерлері Бекбосын Алтаев, Иван Первых, Анатолий Пугачев, Ленин орденінің иегері Григорий Фошин және т.б. бар. Аталған білім ордасының  түлегі республикаға белгілі даңқты  механизатор, Социалистік Еңбек Ері Орынтай Ерекеновтың алғашқы еңбек жолы  осы шежірелі жылдармен байланысты.

 

      Қазақта «Көргенді көш бастайды» дейді. Әртүрлі жылдарда  кәсіптік колледждің  оқу-материалдық базасын нығайтуға және оқу-тәрбие процесін дамытуға үлес қосқан басшылар аз болған жоқ. Ал колледж діңгегінің мықты қалауына  орасан үлес қосқан, жарты ғасырдай көшбастаушы директор Жұмаділ Шаяхметов туралы ерекше айтуға болады. Ж. Шаяхметов ҚазКСРО-ның   кәсіби-техникалық білім беру ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, бірнеше рет «Алматы облысының құрметті азаматы» атты құрметті атаққа ие болды.

 

      Өмірде өзіміздің жетілуіміз көбіне ұстаздардың еңбегі деп қарастырамыз. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин  төсбелгісінің иегері  Алтаев Болат Бекбосынұлы бастаған ұжымда бір экономика ғылымының кандидаты, бес магистрант, 19 жоғары және бірініш санатты оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері 400-ден астам студентке сапалы білім беріп келеді.  

     

  • Колледждің негізгі міндеті - бәсекелестікке қабілетті мамандар дайындайтын, оқудың инновациялық технологияларын ұтымды пайдаланып, материалды-техникалық базаны уақытылы жаңартып, техникалық және кәсіптік білім кеңістігінде алдыңғы қатардан орын алу болып табылады. Былтырғы оқу жылында оқу ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, білім ошағының имиджін көтеру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылды. Мәселен, 2017 жылы 27-30 қараша аралығында ТОО «EUROASIA MS» орталығы мамандарының ұйымдастыруымен «Колледжге Сапа және менеджмент жүйесін» енгізу мақсатында «Ұйымда біріктірілген сапа менеджмент жүйелерінің ISO 9001:2015 талаптарына сәйкес дамыту. Менеджмент жүйесінің ішкі аудиториясының ISO 19011 талаптары негізінде дайындау»  тақырыбында семинар-курсы өтті. Семинар-курсқа колледж әкімшілігі, оқытушылар, арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері, медбике, асхана меңгерушісі, жатақхана меңгерушісі  қатысып, өз білімдерін жоғарылатты. Сонымен қатар колледждің іс-тәжірибесін тарату мақсатында Алматы облысының білім басқармасының «Әдістемелік кабинеті» ұйымдастыруымен «Жаңартылған білім беруде кәсіби мамандарды даярлауға қойылатын талаптар» атты облыстық әдістемелік семинар-кеңес өтті.аталған семинар-кеңес барысында колледждің материалдық базасына экскурсия жүргізіліп, арнайы пән оқытушысы Ж.А. Есимова мен өндірістік оқыту шебері Е.К.Аденова «Аспаз» мамандығы бойынша кіріктірілген сабақ өткізді, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Ж.Намазбаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.М.Бапышева «Студенттердің өздігінен білім алуына ынталандыратын бағыттар» тақырыбында облыс колледж әдіскерлеріне арналған коучинг жүргізді, Колледж әдіскері Г.Н.Абилханова, колледж психологі А.К.Сеитова  облыс колледжінің жас әдіскерлеріне «Жас мамандардың колледж өміріне бейімделуі» тақырыбында тренинг өткізді.

     Жаңа тыныс ала бастаған колледждің кітапхана ісі де бірізді жолға қойылған. Жалпы кітап қоры 12933 болатын кітапхананың оқу залы абонементпен бірге, кітапхананың негізгі кітап қорына жеке кітап сақтау қоймасы бөлінген. Бүгінгі күні колледж кітапханасында дәнекерлеу ісі, фермер шаруашылығы, тамақтандыруды ұйымдастыру, автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, шаштараз және сәндік косметика сияқты арнайы  мамандықтар бойынша студенттерге қызмет көрсетеді.

 

    Ал биылғы 2018-2019 оқу жылына жоспарланған, қазіргі заман талабына сай сұранысқа ие төмендегідей мамандықтар ашылды:

 

  1. Мамандығы: 0506000 «Шаштараз өнері және сәндік косметика»

Біліктілігі: 0506012 «Шаштараз - модельер»

  1. Мамандығы:1201000 «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану»

Біліктілігі: 1201062 «Автокөліктердің электр құрылғыларын жөндеуші электрик»

  1. Мамандығы 1504000 «Фермер шаруашылығы»

Біліктілігі 1504092 «Электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электрмонтер»  мамандықтары ашылып, студенттер үшін тәжірибе алуына зор мүмкіндік жасалып отыр. Бұған қоса бұрыннан келе жатқан мамандықтар да бар. Олардың оқыту үрдісі оқу жоспарлары мен  бағдарламаларына сәйкес келесі төрт мамандық бойынша жүргізіледі:

 

  • 1504000 Фермер шаруашылығы;
  • 1304000 Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету;
  • 0508000 Тамақтандыруды;
  • 1114000 Дәнекерлеу ісі;

 

 

2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстардың нәтижесін есепке ала отырып, Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі Қазақстан Республикасының 458155 тәуелсіз талдау ұйымының ақпараты бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік кәсіпорындарының арасында 2- орын ( алтын), Алматы облысының мемлекеттік кәсіпорындарының арасында 1-орын ( алтын) иеленді. Сонымен қатар біздің білім ошағына «Білім мақтанышы-2018» атты қабырға төсбелгісін және осындай мәтінде ұлттық сертификат, колледж директоры Алтаев Болат Бекбосынұлы «Білім мақтанышы» орденімен, оқу жөніндегі орынбасары Намазбаева Ардақ Жеткергенқызы «Білімге зор үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен марапатталса, жоғары кәсіби деңгей және шеберлігі мен колледждің табысқа жетуіне елеулі үлес қосқаны үшін- К.Умурзакова, С.Айдарбеков, А.Сеитова, Ж.Рахымбекова «2018 жылдың үздік маманы» атты сертификатқа ие болды.

 

 

      Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жолдауы біздің барлық бағыттарымыздың бағдаршамы іспетті. Колледждің білім сапасының деңгейін көтеруде оқытушылар мен білім алушылар өз үлестерін қосып, келешекте үлкен сұранысқа ие болатын оқу орнының біріне айналатынына сенеміз және оған барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.